АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Польша көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, құрылыс, инфрақұрылымды дамыту, цифрлық экономика саласындағы ынтымақтастықты дамытады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы көлемі 1 миллиард долларға дейін өскен.
«Биылғы жартыжылдықта да екі ел арасындағы тауар айналымының өсу қарқыны байқалды. Қазақстан мен Польша қарым-қатынасы өзара тиімді ынтымақтастыққа негізделген. Біздің елімізде 200-ге жуық польшалық компания жұмыс істейді. Польша кәсіпкерлерінің Қазақстанға құйған инвестициясы 200 млн долларға жетті», - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Қазақстан-Польша VIII үкіметаралық отырысының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында.
Вице-министр Шымкенттегі Химфарм зауытына 120 млн доллар инвестициялаған Polpharma компаниясын, құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын Selena ұжымын ерекше атап өтті.
«Астанада өтіп жатқан тау-кен конгресі, Қазақстан-Польша экономикалық форумы, үкіметаралық отырыс сынды шаралар арадағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарын нығайтуға септігін тигізеді. Қазақстанның экономикалық ынтымақтастық елдері заматтары үшін енгізген визасыз режімі және Lot polish airlines әуе компаниясының Астана-Варшава, Варшава-Астана тікелей рейстері де ықпал етеді», - деп өз сөзін түйіндеді вице-министр.
Өз кезегінде Польша кәсіпкерлік және технологиялар министрінің орынбасары Тадеуш Косцинский Қазақстандағы Польша кәсіпкерлерінің көбейетініне сенім білдірді.
«Қазақстанда тау-кен ресурстары өте көп және бұл салада елеулі жаңғыру жұмыстары жүріп жатыр. Осы орайда Польша Қазақстанға көмектескісі келеді және тау-кен өнеркәсібіне арналған заманауи машиналарын ұсынады», - деді Тадеуш Косцинский.
Айжан Серікжанқызы
Айжан Серікжанқызы Қасым Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің түлегі. Мамандық бойынша РФ Татарстанның Қазан қаласында, Польшаның Вроцлав қаласында тағылымдамадан өткен. 2017 жылдан бері ҚазАқпарат агенттігінде жұмыс істейді.