Польша Сенатының маршалы Қазақстанды БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі болуымен құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Варшавада Қазақстанның Польшадағы Елшісі Алтай Әбибуллаев Польша Сенатының маршалы Станислав Карчевскиймен кездесті. Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастардың өзекті мәселелері талқыланып, парламентаралық диалогты нығайту келешегі сөз болды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Қазақстан Елшісі елдеріміздің тиісті құқықтық базасын қамтамасыз ететін екі ел парламентшілерінің ынтымақтастығын нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ол сенаторды Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саясаты мен екіжақты ынтымақтастықтың келешегімен, сондай-ақ Мемлекет басшысының жаһандық және өңірлік бастамаларымен таныстырды. Елші Сенат төрағасын 28-29 тамызда Астанада өтетін «Ядролық қарусыз әлем құру» халықаралық конференциясына шақырды.

Өз кезегінде, С. Карчевский осы жылдың мамыр айында өткен Қазақстанға ресми сапары барысында жылы қабылдауы үшін шын жүректен ел басшылығына алғысын білдірді. Поляк спикері ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жеке кездесуіден алған әсерлерімен бөлісіп, тағы да өз сапарының жемісті ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-ЖомартТоқаевқа ризашылығын білдірді. Спикер Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды оң бағалап, екі ел арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетін тілге тиек етіп, ол Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайту жолында өз жұмысын жалғастыруға ниетті екенін атап өтті.

«Мен Қазақстан Президентін және барша қазақстандықтарды 2017-2018 жылдарға БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына тұрақты емес мүше болып сайланғанымен құттықтағым келеді. Жалпы  Қазақстан ЕАЭО кеңістігінде Польшаның маңызды әріптесі болып табылады», - дей келе Сенат Басшысы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың барлық салалары бойынша одан әрі ынтымақтастықты нығайтуға ерекше қызығушылық білдіретініне назар аударды.