Бұл ақпаратты аталған министрліктің баспасөз қызметі таратып отыр.
С.Новактың атап өтуінше, «Mirbud-Kazakhstan» компаниясы жолдарды және өндірістік-азаматтық құрылыс нысандарын жөндеу мен салу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізумен айналысады. Компанияның алдына қойып отырған мақсаты - автомобиль жолдарының құрылысы мен оларды жөндеуге салынатын инвестиция көлемін көбейту, осы салада Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайту.
Ә.Құсайынов еліміздің бірқатар автожолдарын қайта салу жобаларына шетелдік компанияларды тартуға Қазақстанның мүдделі екенін атап өтіп, поляк құрылысшыларының қатысуына болатын бірнеше нысанды ұсынды. Дәлірек айтқанда, 2012 жылы Азия даму банкі бөлген займның есебінен ұзақтығы 470 шақырым болатын Бейнеу-Ақтау автожолын қайта салу жобасы жүзеге асырыла бастайды. Сондай-ақ ағымдағы жылы мамырда ұзақтығы 238 шақырым болатын Астана-Қарағанды автожолын 4 жолақты және бетоннан төсеп қайта салу жобасына тендер жарияланады. Бұл жобаны займ және концессия тетіктері арқылы қаржыландыру көзделуде. Ал үстеміздегі жылдың қазан-қараша айларында еліміздің көлік ең көп жүретін жолдарының бірі Алматы-Қапшағай учаскесін қайта салу жобасына тендер жарияланғалы отыр. Сонымен қатар, поляк компаниясы Қазақстанда көліктік-логистикалық орталықтардың құрылысына қатыса алады.
Тараптар алдағы уақытта келіссөздерді сарапшылар деңгейінде жалғастыруға келісті.