Полицей айып тұрағына жеткізілген автомашиналарды пара алып, босатып отырған

АСТАНА. ҚазАқпарат - ОҚО ІІД Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің жол патрульдік полиция полкінің взвод командирі ақшалай сыйақы алып көліктерді айып тұрағынан заңсыз босатуға нұсқау бергендігі үшін мүлкі тәркіленіп, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының үкімімен  сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 361-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды, оған  мүлкін тәркілеп, 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі.

Сотталушы  ОҚО ІІД Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің жол патрульдік полиция полкінің взвод командирі лауазымын атқарып жүріп, 23.06.2016 - 12.07.2016 жыл аралығында өзі басқаратын взводқа қарасты «КАМАЗ» эвакуатор арнайы автокөліктерімен Шымкент қаласының Орманов көшесі бойындағы айып тұрағына жеткізілген 9 автокөлікті иелеріне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаларды толтырмай, ақшалай сыйақы үшін көліктерді айып тұрағынан заңсыз босатуға нұсқау беріп, мемлекетке жалпы 530 250 теңгеге залал келтірген.

Үкім заңды күшіне енбеген.