Полицейдің мұрнын бұзған тұрғын сотталды
12:41, 03 Сәуір 2017
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотының үкімімен 23 жасар В.Шуравлев ҚР ҚК 293-бабы 2-бөлімі 2-тармағы, 379-бабы 1-бөлімі, 380-бабы 1-бөліміне сәйкес айыпты деп танылып, оның 2 жылға бас бостандығы шектелді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, одан сондай-ақ 229 514 теңге процессуальдық шығын өндірілді.
Сот талқысында белгілі болғанындай, В.Шуравлев 2016 жылы 17 желтоқсан күні арақ ішкен күйінде «Узбечка» дәмханасында отырғандарға тиісіп, балағаттаған. Ыдыс-аяқты сындырып, орындықты лақтырған ол барда тұрған қыздың кеуде тұсынан ұрған. Полиция бөліміне жеткізілгеннен кейін билік өкілдеріне тіл тигізгенімен қоймай, баспен соғып, бір қызметкердің мұрнын бұзған.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындады.
Сот үкімі заңды күшіне енді.