ОРАЛ. ҚазАқпарат – Полицейге пара бермек болған Орал қаласының тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға Д.Қонаев шағынауданында болды.
Шығын келтірмеген жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізуші Орал қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының инспекторына әкімшілік хаттама толтырмау үшін 10 мың теңге көлемінде пара ұсынған.
Инспектор парадан бас тартқан және оның жасаған ескертуіне құлақ аспағаннан кейін жүргізушіге қатысты әкімшілік іс жүргізуден басқа ҚР ҚК 367-бабы 1-бөлігіне (пара беру) сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
БҚО полиция департаменті лауазымды қызметкерге пара беру қылмыстық іс-әрекет екендігін еске салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда заңсыз дәрі-дәрмек сатқан ерлі-зайыпты ұсталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).