Полицейлер Кавасаки қаласындағы оның үйінен қарудың бес үлгісін тәркілеген. Сарапшылардың пікірінше, тәркіленген тапаншалардың екеуі адам өміріне кәдімгідей қауіп төндіре алады. Алдын ала тұжырым бойынша бұл қарулар 3D-принтерде басылып шыққан. Тексеру барысында осы қаруларға арналған оқ-дәрілер табылмады.
Полиция өкілдерінің айтуынша, Жапонияда бұл 3D-принтер арқылы қару жасап шығарудың алғашқы оқиғасы болып тіркелді.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың мамырында 25 жастағы американдық 3D-принтерде басып шығарған тапаншаны сынақтан өткізген болатын. Болаттан құйылған қарумен салыстырғанда осы тапанша толығымен пластмассадан жасалған. Оның 16 бөлшегінің 15-і термопластиктен басылған.