Полицейлер Алматыдағы жаппай төбелестің мән-жайын баяндады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы полициясы жаппай төбелеске қатысты мән-жайды баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Рolisia.kz-ке сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде тараған видеода бірнеше полиция қызметкері бірін-бірі жыққан адамдар тобына араша түсіп жатқанын көруге болады.

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға кеше түнде қаланың Әуезов ауданында болған. «102» пультіне Абай даңғылы мен Алтынсарин көшесінің қиылысында 5 ер адамның төбелесіп жатқаны туралы хабарлама түскен.

«Қоңырау бойынша бірінші болып учаскелік полиция инспекторлары жетті, артынша патрульдік полицияның экипажы барды.

Төбелесіп жатқандар тәртіп сақшыларына белсенді қарсылық көрсетті. Олар алкогольдік масаң күйде болды. Барлығы бөлімшеге жеткізілді. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды», - дейді Әуезов аудандық полиция басқармасына қарасты полиция бөлімінің бастығы Еділхан Байғараев.


Видеодан алынған кадр