Наурыздың 10-ы күні полицияге 87 жастағы ардагер шағымданып, наурыздың 6-сы күні өзін «Жәзира» деп таныстырған бойжеткеннің қарияның барлық наградалары тағылған костюмін алып кеткенін хабарлады. Ардагердің айтуынша, бойжеткен кеудесі медальға толы қарияны дәріханада байқаған. Іркілместен өзін студентпін деп таныстырып, Жеңістің 65 жылдығына орай диплом жұмысын жазып жатқанын айтқан. Осылайша қарттың сеніміне кіріп, ордендері мен медальдарын суретке түсіріп алуды өтінген. Ардагер өз марапаттарын киімінен кесіп алуға жүрегі дауаламай, алаяққа пиджагын барлық төсбелгілерімен бірге берген. Бойжеткен өзімен бірге 1 орден, 17 медаль, 5 төсбелгіні алып кеткен.
Бұл аздай, бойжеткен келесі күні келіп қариядан қарызға 5 мың теңге ақша алған және онымен қоймай, бұл соманы азсынып, тағы сұраған. Қария бұдан басқа ақшасы жоқ екенін айтып, ағынан жарылған. Содан кейін бойжеткен төбесін көрсетпей кеткен.
Наградаларын бірнеше күн күткен қария, болмаған соң бойжеткен берген мекен-жайға оны іздеп барған, бірақ оның онда тұрмайтыны анықталған, содан кейін қария полицияға шағымданған.
Полиция қызметкерлері жедел іс-шаралардың нәтижесінде әлгі алаяқ бойжеткенді тапты. Оңай жолмен тапқан олжасының бір бөлігін бойжеткеннің ломбардқа тапсырғаны да анықталды. Қалған наградалар да табылды.
Қазіргі таңда күдіктінің үстінен ҚР қылмыстық кодексінің 177-ші бабына сәйкес (алаяқтық) қылмыстық іс қозғалды, наградаларды сатып алған ломбард сатушысын да жауапқа тарту мәселесі шешілуде.