Полицейлер пойызда мас күйде жүрген екі шетел азаматын ұстады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Көлік полицейлері мас күйде жолаушылап бара жатқан Әзербайжан мен Өзбекстан азаматтарын пойыздан түсіріп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, Ақтөбе станциясындағы Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері «Орал-Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызынан қоғамдық тәртіпті бұзған 42 және 36 жастағы екі ер адамды түсіріп алған. Тексеру кезінде көлік полицейлері құқық бұзушылардың Әзербайжан мен Өзбекстан республикаларының азаматтары екенін анықтаған.

«Ер азаматтар түнгі уақытта мас күйде дөрекі мінез көрсетіп, қоғамдық тәртіпті бұзып, жанындағыларға адамның қадір-қасиетін қорлайтын сөздер айтқан. Осылайша басқа жолаушылардың тыныштығын бұзған», - дейді Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Қалижан Қобландин.

Оның айтуынша, ұ сталғандарға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық баптары бойынша төрт әкімшілік хаттама толтырылды.

«Ақтөбе қаласының Мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен шетел азаматтары кінәлі деп танылып, 3 және 2 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды», - деді полиция полковнигі.