«Полицейлер «WhatsApp»-пен сөйлеседі» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 9 маусым, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінде Бас прокурордың орынбасары Жақып Асановпен арадағы сұхбат берілген.

«Бұл қоғамымыздың жыл өткен сайын сотқа көп жүгініп жатқандығында. Сондықтан уақыт күтпейді. Мәселен, азаматтық істер бойынша статистикаға көз жүгіртетін болсақ, 5 жыл ішінде азаматтық істер санының 47 пайызға ұлғайғандығын көреміз. 2014 жылы соттарға 750 мың талап-арыз түскен, ал әрбір іс екі тараптан кем болмайтындығын ескерсек, онда оған ең аз дегенде 1,5 млн. жеке және заңды тұлғалар тартылған. Ал бұл қарттар, не балалар емес, өз бизнесі, жұмысы, отбасы бар тұрғындардың экономикалық белсенді бөлігі. Сонда олар өздерінің қымбат уақыттарын сот аппараты, прокуратура, қорғаушылар, сот орындаушылар, сарапшылар, қолдаушы топтар қоса тартылатын дау-жанжалдарға ғана арнайды. Дау-жанжалдардың осыншама көптігі қоғамның көңіл-күйіне де әсер етпей қоймайды. Себебі, сот көбінесе екі тарапты бірдей қанағаттандыра алмайды. Осының салдарынан сот органдарына деген сенім болмайды, кемиді сөйтіп сотқа, прокуратураға, депутаттарға, Президент Әкімшілігіне арыз-шағымдар толассыз ағылып жатады»,-дейді Ж. Асанов. Бұл сұхбат «Заң үстемдігі қамтамасыз етіледі» деген тақырыппен басылды.

Бас басылымда « Ақылды қала» инновациялық жобасы» атты мақала көпшілік назарына ұсынылған. Елбасы Астананы болашақ қаласы ретінде дамытудың «Smart City» - «Ақылды қала» халықаралық форматының «Smart Astana» жобасын 2017 жылға дейін іс жүзіне асыру міндетін қойған болатын. Міне, осы келелі міндетті орындау мақсатында Астана қаласының әкімдігі «Smart Astana» тұғырнамасы аясында бірнеше ірі жобаны іс жүзіне асыруда. «Smart Astana» жобасының басты мақсаты елорда тұрғындарының тұрмыс дәрежесін, әл-ауқатын арттыру, Астана қаласының инфрақұрылымын жақсарту және одан әрі жаңғырту қоғамдық көлік, қоғамдық қауіпсіздік шараларын іс жүзіне асыру болып табылады. Бұл заманауи жобаның негізгі операторы - «Astana Innovations» АҚ. «Astana Innovations» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Әлтайыр Уызбаевтың айтуынша, компания жұмысы негізгі үш бағытта - инновациялық стартаптарды қолдау, «Smart Astana» бағдарламасын жүзеге асыру, сонымен бірге, Астана қаласының тіршілік қызметін кешенді қамтамасыз ету жүйесін (ТҚКҚЖ) дамыту бойынша кешенді жұмыстар атқарады. Компания жұмыстарын енді бастаған стартап-компанияларға қаржылық және кеңестік көмек көрсетеді. Ә.Уызбаевтың айтуынша, «Smart Astana» бағдарламасының шеңберінде «Smart БЕО», «Smart мектеп», «Smart емхана», «Smart көлік», «Smart автотұрақ», «Smart ТКШ» және «Smart жарықтандыру» жобалары қолға алынған. Бұл жобаларды жүзеге асыру инвестициялық қаржылардың есебінен жүргізіледі.

***

«Алматы облысының полицейлері WhatsApp танымал мобильдік қосымшасының көмегімен жұртшылықпен қосымша байланыс орнатуды шешті», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Полицейлер «WhatsApp»-пен сөйлеседі» атты материалда. Талдықорған ІІБ Жедел басқару орталығында WhatsApp қосымшасы бар 707 922 32 33 еске сақталатын нөмір орна­тылды.

- 8 маусымдағы жағдай бо­йынша полицияның WhatsApp-на барлығы 22 хабарлама келіп түскен, олардың негізгі бөлігі облыс орталығының абаттанды­рылуы және жол-көлік ере­же­лерін ұсақ бұзушылықтармен байланысты. Расталған 10 хабар­лама бойынша әкімшілік әрекет ету шаралары қолда­нылды. 2 хабарлама бойынша ақпарат Алматы қалалық ІІД-не және тағы біреуі Талғар ауданы поли­цейлеріне жіберілді, - деді жаңа байланыстың тиімділігі жөнінде Талдықорған ІІБ Жедел басқару орталығының бастығы, полиция подполковнигі Руслан Әбілда­нов.

Осы басылымда «30-ға жуық ұйым бірікпек» деген мақала жарияланды. Елімізде «балалар мен жастардың құқықтарын қорғауға және қолдауға» арналған «Ақбота» кәсіби ҮЕҰ-дар бірлестігі құрылды. Бұған балалар мен жастардың әл-ауқатын жақсарту үшін 30-ға жуық үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) бірікті.

Олар - өскелең ұрпақтың мәселелерін шешу және оның тәсілдерін әзірлеу ісінде тәжірибесі бар ұйымдар. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, енді жұдырықтай жұмылған ҮЕҰ-дар бірлестігі балаларға үйде зорлық көрсетілуінің, олардың саудалануының алдын алуға және әлеуметтік қорғауға, ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жастарды қолдауға арналған бағдарламаларды жүзеге асыруға бағытталған іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр.

***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Сақау жарнама, сауатсыз аударма» деген мақала берілген. Жуырда Орал қаласындағы Салтанат сарайында «Ономастика және көрнекі ақпарат мәселелері» және онамастика саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді реттеу» атты республикалық дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Серік Сәлемов қатысты. Жиында сөз алған ғалымдар мен сарапшылар, сондай-ақ сала мамандары ономастика саласының өзекті мәселелерін талқылап, ой-пікірлерімен бөлісті.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы, ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясының мүшесі Серік Негимов ілгері өркендеуіміз үшін байырғы жер-су атауларын қайтадан қалпына келтіру қажеттілігін сөз етті. Ол ономастика саласында атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталды. Соның бірі Астанадан 180 шақырым жерде Степногорск деген қаланы қазақшалау мәселесін қозғады. Сонымен қатар Петропавл, Павлодар қалаларын да қазақшалау уақыт талабы екенін айтты.