***
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен азық-түлік өнімдерінің бағасын реттеу мәселесі талқыланды. Өңірлерде болған кездесулерде тұрғындар негізгі азық-түлік өнімдері бағасының үнемі өсе беретініне үлкен алаңдаушылық білдіреді. Азық-түлік қауіпсіздігі, өнімдердің сапасы мен қолжетімділігі ел тұрғындарының денсаулығы мен әл-ауқатының жақсаруына тікелей әсер ететіні анық. Ол мәселе дер кезінде шешімін таппаса, қоғамда әлеуметтік шиеленіс туғызуы мүмкін. Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Уәлихан Бишімбаев өз сөзінде азық-түлік өнімдері бағасының өсімі туралы, оның ішінде нан-тоқаш өнімдері, ет және сүт өнімдері, жеміс-жидек пен көкөніс саласындағы жағдайға талдау жасады. Ол баға өсімінің негізгі себептері ретінде бағаны реттейтін мемлекеттік институттардың әлсіз екенін және қаржы нарығының дамымай отырғандығын, тауар көлемімен салыстырғанда, табыстың шектен тыс өсуін, саудада қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жүйесінің дамымай келе жатқанын, сондай-ақ өндіріс көлемінің қысқаруын, импорттың ұлғаюын және өндірістегі тағам өнімдерін негізсіз ұстап тұрудың өсе түсуін атады. Бұл мақала «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Азық-түлік өнімдерінің бағасы өсуіне қаржы рыногының дамымай отыруы да себепкер» деген тақырыппен берілді.
Осы басылымда «Ауған соғысы ардагерлеріне - мемлекеттік наградалар» атты материал басылды. Мәжіліс депутаты, республикалық «Ардагерлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал-полковник Қайырбек Сүлейменов Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен марапатталған бірқатар Ауған соғысы ардагерлеріне мемлекеттік наградалар тапсырды. Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен қажырлылығы үшін Қазақстан Тәуелсіздігінің 21 жылдық мерейтойына орай II дәрежелі «Айбын» орденімен Маңғыстау облыстық «Боевое братство» жауынгер-интернационалистер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұркен Қаражанов пен Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Елубаев, III дәрежелі «Айбын» орденімен Қызылорда облыстық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері кеңесінің төрағасы Сәкен Махамбетов, «Құрмет» орденімен Ақтөбе облыстық Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аслан Балқасынов марапатталды.
***
«Ұры байымайды» десек те, елімізде ұрлықты кәсіп еткендердің тірлігі азаймай тұр. Тіпті өршіп бара жатыр десек те болатын секілді. Алматы қаласы мен облысы аумағында жиі естілетін пәтер ұрылары мен барымташылардың әрекеті осындай ойға жетелейді. Мәселен, қазір Алматы облысының қай жері болмасын, ұрылардың «қолтаңбасы» қалмаған ауылдар сирек», -деп жазады «Алаш айнасы» газеті «Полицейлердің аздығынан барымташылар басынып барады» атты мақаласында.
Осы басылымда «Мұнайды ұрлаймыз, суымызды ұрлаймыз» атты мақала жарық көрді. Жер қойнауындағы ен байлықты тиімсіз және қоршаған ортаға зиян келтіре игеру мемлекеттің экономикалық та, экологиялық та қауіпсіздігіне орасан зор нұқсан келтірері анық. Солай бола тұра Ақтөбе облысында жер қойнауындағы ен байлықты игерушілер заңды белшеден басуларын қояр емес. Жылдың жартыжылдығында мұнай өндіріп, оны сатумен айналысатын компаниялардың жұмысын тексерген Ақтөбе облысының прокурорлары осылай деп дабыл қағуда.
***
«Туу туралы куәлік - адамның ең алғашқы құжаты. Сондықтан осы куәлікте баланың аты-жөні дұрыс жазылуына басты мән беру қажет. Бала дүниеге келгенде ол міндетті түрде тіркеуге алынады. Сол кезде ұлты қазақ азаматтардың аты-жөні, тегі қалай жазылатынын әр адам білуі тиіс»,- деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Ұлты қазақ адамдардың есімі ұзақ болса да оны бөлек жазуға жол берілмейді. Құжаттарға адам есімдерінің дұрыс жазылуы мәселесін көтерген мақала «Аты-жөніңіз дұрыс жазылып жүр ме?» деген тақырыппен берілді.