Полицейлердің қоғамдық көмекшілеріне 10 млн теңге көмек берілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы полициясының қоғамдық көмекшілеріне 10 миллион теңгеден астам көтермеақы берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, Алматы қаласында полицияға көмек көрсететін сегіз қоғамдық бірлестік бар, барлығы 502 адам. Сонымен қатар, сегіз аймақтық көмек көрсету штабы, бір заңдылық пен тәртіпті қорғауға көмек беретін Алматы қалалық қауымдастығы, үш студенттік құқық қорғау жасақтары атсалысып жатыр. Сондай-ақ, қауіпсіздік қызметі субъектілері есебінен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге күн сайын 10 консьерж және 56 қоғамдық көмекші қатысады. Полицияның қоғамдық көмекшілері учаскелік полиция инспекторларымен бірге саябақтар мен алаңдардың көшелерін патрульдеу жұмыстарына үнемі қатысады»,– деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбеков.

Оның айтуынша, жыл басынан бері қоғамдық көмекшілердің қатысуымен 55 қылмыс ашылды және 5 728 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

Қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етуге белсенді қатысқаны үшін қала әкімдігіне 10 миллион 169 мың теңге көлемінде көтермеақы беру үшін 323 қоғамдық полиция көмекшісіне ұсыным жіберілді.