Полиция бала өліміне себепкер батуттарды пайдалануға тыйым сала алмайды - ТЖД

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер үрлемелі батуттарды пайдалануға полиция неліктен тыйым сала алмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Менің тыйым салуға заңды түрде құзыретім жоқ. Бүгін Премьер-Министрге бұл мәселені айқындау туралы ұсыныс дайындадым. Қандай бұзушылықтардың жиі орын алатынын, қандайы аз орын алатынын айта алмаймын. Себебі оған сараптама жасамаймыз», - деді ол бүгін Үкімет отырысы аясында ұйымдастырылған брифингте.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта құқық қорғау органдары процеске тек бақылау жүргізе алады.

Сонымен қатар ол Қарағандыда бала өліміне себеп болған батуттың қожайыны бұрын төтенше жағдайлар саласында жұмыс істегенін айтты.

«Тексеру жүргізілді. Оны күн бұрынғы датамен ешкім де жұмыстан шығарып жібермегеніне сендіргім келеді. Аталған қызметкер шынымен де 2001-2019 жылдары аралығында жұмыс істеді. Оның өзі бұл бизнеспен айналыспаған. Бұл бизнеспен әйелі айналысқан. 2018 жылы ол жеке кәсіпкерлік рәсімдеп, осы бизнеспен айналысқаны анықталды. Күйеуі, отбасы оған көмектесіп тұрған. Полиция әйелін тергеген кезде ол күйеуінің көмектесетіндігін айтқан», - деді В.Беккер.