Полиция балалардың төбелесі бейнеленген видео туралы мәлімет ұсынды
Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша, 14 тамыз күні сағат 17.00 шамасында Іле ауданының полиция бөліміне Боралдай кентіндегі Водник ықшамауданының 34 жастағы тұрғынынан қоңырау түскен.
Оқиға орнына келген учаскелік полиция инспекторлары көп қабатты үйдің ауласында 8 жастағы екі бала төбелесіп, кейін оған бірінің 14 жастағы ағасы араласқанын анықтаған.
«Қазір Іле аудандық полиция бөлімі ювеналды полиция тобының қызметкерлері осы іс бойынша материал жинауда. Жиналған материал тәрбие сипатындағы шараларды қабылдау үшін аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жіберіледі», - деп жазады департаменттің баспасөз қызметі.
Ал өзінен жасы кіші балаға қол жұмсады делінген 14 жастағы жеткіншектің ата-анасы әкімшілік жауапқа тартылатын болды.
«Төбелеске қатысқан балалар бір аулада тұрады. Балалар мен олардың ата-аналары өзара татуласты, бір-біріне наразылықтары жоқ. Алматы облысының Полиция департаменті тұрғындарды жалған ақпарат таратпауға, желіде жиі тарайтын осы сарындас арандатуларға сенбеуге шақырады», - делінген полиция депртаментінің ресми мәліметінде.