Полиция елордада автобус жүргізушілерінің ерегісіне түсініктеме берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана полициясы қоғамдық көлік жүргізушілерінің кикілжіңіне байланысты әлеуметтік желілерде пайда болған видеоға түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Полицейлер №120 бағдардың жүргізушісіне қатысты 614 бап бойынша әкімшілік хаттама (Көлiк құралдарының қозғалысына кедергi келтіру), ал №39 бағдардың жүргізушісіне 595 бап бойынша әкімшілік хаттама толтырды (Маневр жасау қағидаларын бұзу)»,-деп атап өтілген Астана ІІД баспасөз қызметінің мәліметінде.

1 ақпан күні сағат 18:00 кезінде «Көктем» сауда үйі аялдамасында уақыт аралығына байланысты № 120 және № 39 автобустары жүргізушілері арасында жанжал орын алды. № 39 бағдардың жүргізушісі аялдамадан қозғала отырып, қиылысқа қарай жүре бастаған кезде №120 қоғамдық көлігін басқарып отырған азамат қозғалысқа кедергі жасауға тырысқан.

Осы оқиғаға байланысты қызметтік тексеру жүргізіліп, автобус жүргізушілерінен түсініктеме алынды.

Атап айтқанда, қос тараптың да жол ережесін бұзғандығы анықталды. №39 бағдардың жүргізушісіне қатаң сөгіс жарияланса, №120 автобустың жүргізушісіне қатысты жұмысқа қайта тұру құқығынсыз еңбек келісімшарты тоқтатылды.

Атап айтқанда, қос жүргізуші бір-бірімен ерегісіп жүрген кезде автобустардың ішінде жолаушылар болған еді, сонымен қатар бұл оқиғаны аялдамада тұрған адамдар видеоға түсіріп алды.