Полиция қызметкерлері кезектен тыс аттестаттау басталмай жатып, өз еріктерімен жұмыстан кетіп жатыр - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 22 маусым. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 22 маусым, жұма күні шыққан өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

** *

«Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаевпен «Халықтық ІРО» бағдарламасы туралы әңгіме қозғаған. Тілшінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Жалпы, акцияны иемдену жылдам табыс табуға немесе жалпы табысты бо­луға кепілдік бермейді. Кез келген қаржы рыногы, со­ның ішінде қор рыногы да құбылмалылыққа бейім болып келеді. Демек, осы және басқа да компанияның акция­сын иемдене отырып инвес­тор тәуекелге барады. Себе­бі акцияның құны жоғары­лап қана қоймай, сонымен бірге төмендеп кетуі де ықтимал. Қазақша айтсақ, «Тәуекел түбі - желқайық...». Сұхбат «Тәуекел түбі - желқайық» деген тақырыппен берілген.

***

«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, кеше парламентшілерді көп күттірген Марченко мырза Сенатқа бас сұғыпты. «Біресе іссапарға кетіп, енді бірде кезекті демалыста болып, депутаттардан сырттай сөз естіп жүретін бас банкирдің сенаторлармен жүздесуге сақадай сайланып келгені бірден-ақ байқалды. Бас банкир жүз көрісіп қана емес, Ұлттық банк қызметіне қатысты заң жобасын екі оқылымда мақұлдатып, қабылдатып бірақ кетті. Ал сенатор Жабал Ерғалиев Абылай ханның 300 жылдығын 2013 жылы тойлау туралы мәселе көтерді», - деп жазады басылым. Мақала «Абылай ханның 300 жылдығы неге тойланбады?» деген тақырыппен берілген.

Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында алаштанушы ғалым, тарих ғылымының доктор, профессор Мәмбет Қойгелдімен арадағы сұхбат «Біз өз тарихымызды, құндылықтарымызды лайықты деңгейде бағалай алмай келе жатқан халықпыз» деген тақырыппен берілген. Сұхбат барысында ғалым: «Ресейдің Тишков деген тарихшысы қазір «кеңес дәуірі соңында біраз жарақаттар ғана қалдырған жоқ, сонымен бірге одан еш кем түспейтін жетістіктер де қалдырды» деп айтып жүр. Бұл пікірмен мен өз басым еш келісе алмаймын. Мәселе неде? Кеңес билігінің артында қалған қиянат пен жетістіктерді таразыға салсақ, меніңше, қиянаты басып кетеді»,- дейді.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында Алматы қалалық білім басқармасының бастығы Рахат Шимашевамен арадағы сұхбат «Шындық айтылған жерден шу шықпауы тиіс» деген тақырыппен жарық көрді. Басылым тілшісінің барлық сауалына егжей-тегжейлі жауап берген шенеунік: «Егер бәрі орынды болса, әке мен шешенің балл үшін күресетін жөні бар. Өйткені ол оқуға түсудің бірден -бір алғышарты. Амал қанша, жақсы оқуға ынталы, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын ұл-қыздарды кейде көтермелеп жүріп, оларды «жұлдыздар» қатарына қосып аламыз. Осыдан келіп олардың өзі жоғары балл алуға міндетті секілді көрінеді. Олардың қатары кезінде көбейіп кеткені де белгілі. Биылғы тест оларға ой салды», - дейді.

***

Бірнеше полиция қызметкері ішкі істер органдарынынан кезектен тыс аттестаттау басталмай жатып-ақ жұмыстан шығып кетіпті. Бұл жайында «Око» газетінде жарық көрген «Рапорты вместо «экзаменов» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның ақпаратына сәйкес, ішкі істер органдары мен қылмыстық атқару жүйесі бөлімшелерінің 14 басшысы емтихан басталмай жатып-ақ өз еркімен  жұмыстан кету үшін рапорт жазыпты. Қазіргі уақытта ел Премьер-Министрі басшылық ететін жоғарғы аттестаттау комиссиясының сынағынан ішкі істер органдарының 92 басшысы, оның ішінде Ішкі істер миинстрінің орынбасарлары, комитет төрағалары, министрлік аппараты департаментінің және аймақтық ішкі істер бөлімі мен қылмыстық атқару жүйесінің басшылары аман-есен өткен.

***

«Экспресс-К» газетінің жазуынша, ұры шенеуніктер жайында нақты ақпарат жеткізген қазақстандық азаматтарға арнайы сыйақы берілуі мүмкін. Мұндай бастаманы еліміздің қаржы полициясы көтеріп отырған көрінеді. Аталған ведомство маусымның соңында не шілденің басында Үкімет қарауына жемқорлық құқық бұзушылық пен қылмысты ашуға және оның алдын кесуге жәрдемдескен тұлғаларды көтермелеу ережесін енгізіп, бекіттіріп алмаққа ниет танытып отыр. Мақала «Золотой век стукачей» деген тақырыппен берілген.