Полиция қызметкерлерінің арасында «Мемлекеттік тіл - Тәуелсіздіктің тірегі» атты республикалық шығармашылық конкурс өткізілді
деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Конкурстың мақсаты ішкі істер органдарында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, қолданыс аясын кеңейту және мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау болып табылады.
Бүгін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің бастығы Нұрділдә Ораз жүлделі орындарға ие болған конкурс жеңімпаздарын арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.
- Сіздер кәсіби шеберліктеріңіз бен шабыттарыңызды бірге шарықтатып, ел Тәуелсіздігіне тамаша тарту жасап отырсыздар. Әр туындыдан Отанға деген шексіз сүйіспеншілік пен мақтаныш лебі еседі. Полиция қызметінің қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, өз сезімдеріңізді өлең-жырмен, ой-толғаумен айшықтап, сырлы сөзбен сипаттай білдіңіздер. Осы ерекше қасиеттеріңіз тіліміз бен тәуелсіздігіміздің мәртебесін асқақтата түскені сөзсіз, - деп атап өтті Н. Ораз.
Конкурсқа 70-тен астам туынды жолданған. Жеңімпаздардың шығармалары ведомстволық «Сақшы» газетінде жарық көретін болады. Құлабаев Нұрқанат - Қостанай облысының ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының аудармашысы (Тіл тамыр), Жусанбай Арман - Алматы қаласының ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының аға инспекторы (Анамның тілі аман бол) атты өлең-жырлары үшін Қазақстан Республикасы ІІМ-нің ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
1 орынға - Қатпағұлов Берік, Қарағанды қаласының ІІБ Айдауыл қызметі жеке ротасының взвод командирі (Ана тілім - тұмарым), Ізтілеуов Абылайхан, Б. Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясының 3 курс тыңдаушысы (Мемлекеттік тіл- Тәуелсіздіктің тұғыры); 2 орынға - Төлепов Нұрлан, Атырау облысының ІІД Көші-қон полициясы басқармасының қызметкері (Тілімен тербетілген өлке), Ажданов Талғат, Солтүстік Қазақстан облысының ІІД Оқу орталығы кезекші бөлімінің инспектор-кезекшісі (Мемлекеттік тіл - Тәуелсіздіктің тірегі); 3 орынға - Нұржақсин Нариман, Көкшетау қаласының ІІБ Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі бөлімнің инспекторы (Туған тілім - тірлігімнің айғағы), Әділбек Оразбаев, Ақтөбе облысының ІІД Әйтеке би ауданының ІІБ бастығының орынбасары (Мен қазақ тілінің жанашырымын), Әлімбекова Нұргүл, ҚР ІІМ-нің Оқу орталығы (Алматы қаласы) (Мемлекеттік тіл - Тәуелсіздіктің тірегі); Ещанов Қасым, ҚР ІІМ-нің Ақтөбе қаласындағы училищесі бастығының орынбасары (Ана тілім-жүрегім).