Полиция қызметкерлерінің құқығын қорғауды күшейту керек- Б.Бекназаров

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Полиция қызметкерлерінің құқығын қорғауды күшейте түсу керек. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында сенатор Бектас Бекназаров осы мәселені көтерді.

Сөз арасында депутат Елбасы айқындаған ұлт жоспарында жергілікті қауымдастыққа есеп беретін полиция қызметін құру туралы тапсырма жүктегенін, бұл бағыттағы заң жобасы Парламентте қаралып жатқанын тілге тиек етті. «Елімізде қоғамдық тәртіпті нығайтуда, қылмысқа қарсы тұруда, ұсақ қылмыс пен бұзушылықты жоюда жергілікті полиция қызметі негізгі рөл атқаратыны даусыз. Ал менің айтпағым, осы мәселенің екінші жағы, яғни полиция қызметкерлерінің өздерін заңмен қорғау мәселесі», - дейді депутат.

Бұл ретте сенатор соңғы жылдары заңның үстемдігіне қызмет етіп, жер-жерде орын алып жатқан тәртіпсіздіктерді тиюға әрекеттер қолданып жүрген, қоғамның тыныштығын күні-түні күзететін, сол үшін өз денсаулығын, тіпті өмірін қиып жатқан төменгі дәрежедегі полиция қызметкерлерін жалпы жұртшылыққа жағымсыз етіп көрсету әрекеттері елімізде белең ала бастағанын атап өтті. Оның пайымынша, бұндай жағдай полиция қызметкерлеріне қарсы қолданылатын небір заңсыз әрекеттердің көбеюіне әкеп соқтырып жатыр. Сөзінің негізі ретінде депутат бірқатар статистикалық деректерді де алға тартты.

«Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге байланысты полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған азаматтардың саны соңғы бес жылда он еседен артқан: 2010 жылы - 78 адам болса, ағымдағы жылдың тек алғашқы жарты жылында 804 адамға жетті. Өз қызметтік өкілеттігін атқарып жүрген полиция қызметкерлеріне қорлау көрсеткені үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылған азаматтардың саны да соңғы бес жылда 4 еседен асты: 2011 жылы - 118 адам, биылғы жылдың 6 айында - 414 адам. Әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тартылғандардың өздерінен қатаң жазаға тартылып жатқандары да шамалы. Бұл статистикалық деректер қолданыстағы заңның тиімділігі тым төмен екенін көрсетеді», - дейді Бектас Бекназаров.

Оның айтуынша, еліміздегі полицейлердің басым бөлігі жергілікті полиция қызметі жүйесіне еніп, тұрғындармен олардың арақатынасы барынша жақындайтын болса, онда полициялардың заңды өкілеттілігі де күшейтілуі керек. «Өйтпесе, көшеде көрінген әйелдің тепкісінде қалып, погоны жұлынып, жағасы жыртылып жатқан полиция қызметкерлері заңның үстемдігіне қалай қорған бола алады? Ата заңымызда айтылған құқықтық мемлекеттің мызғымас негізі ең алдымен қатаң тәртіптен бастау алады. Олай болса, қатаң тәртіпті қорғаушы қызметкерлерге қарсы жасалып жатқан заңсыз әрекеттердің барлығы бойынша кінәлі адамдар тиісті жауапкершілікке тартылып, олар қоғамның сынына ұшырауы керек», - деп атап өтті Бектас Бекназаров.