Полиция образын жақсарту емес, құқық қорғау жүйесін трансформациялау қажет - Серік Бейсембаев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі істер органдарының қызметін жетілдіруде заманауи полицияның кейпін емес, жүйені толықтай жаңарту керек. Бұл пікірді PaperLab зерттеу орталығының жетекшісі, әлеуметтанушы Серік Бейсембаев алға тартып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін елордада Құқықтық саясатты зерттеу орталығы (LRPC) қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Қазақстанның жаңа полициясы. Заманауи қиындықтар мен қоғамның сұраныстары» тақырыбында онлайн пікірталас өтті.

Аталған онлайн шараға құзырлы орган өкілдерімен қатар, сарапшылар қатысты.

«Қолжетімді, ашық зерттеулер қоғамның Қазақстан полициясына деген сенімінің әртүрлі екенін көрсетіп отыр. ҚР статистика бюросының ресми дерегіне сүйенсек, халықтың полицияға сенімі - 77%. Ал халықаралық және тәуелсіз зерттеулер тәртіп сақшыларына деген сенім деңгейін 53-тен 65% -ға дейінгі көрсеткішті алға тартады. Қазақстан полициясының бейнесі ісіне қарама-қайшы. Оның себебі полицияның әртүрлі функционалы бар түрлі ведомстволарды біріктіруіне байланысты», - деді әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.

Сондай-ақ, сарапшы жалпы ішкі істер органдарының қызметіне қатысты сауалнамаларға өте мұқият қарау керек екенін атап өтті.

«Полиция реформасы имиджді жақсартуға емес, белсенді азаматтық қоғамның қатысуымен және өзгерістерге жаппай сұранысты ескере отырып, құқық қорғау жүйесін өзгертуге бағытталуы керек. Полицияның кейпін жақсарту емес, құқық қорғау жүйесін трансформациялау қажет», - дейді ол.

Одан бөлек, әлеуметтанушы ішкі істер органдарының қызметіне қатысты нақты және сапалы әдістерді қолдана отырып, көбірек зерттеу жүргізу қажеттігін алға тартты.




Фото: paperlab.kz