Арай полиция қызметкері болуды бала жасынан алдына мақсат етіп қойды. Қызылорда қаласындағы №9 мектеп-гимназияны үздік бітірген ол, сол арманның жетегімен 2004 жылы ҚР Ішкі істер министрлігінің Ақтөбе заң колледжіне заңгер мамандығына оқуға түсті. Ал 2010 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің заңгер мамандығын тәмамдады. Еңбек жолын 2006-2008 жылдарда Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасында анықтаушы қызметінен бастады. Ал 2008-2016 жылдарда облыстық Ішкі істер департаментінде аға анықтаушы ретінде қызметін жалғастырды. 2016 жылдан бүгінгі күнге дейін облыстық Полиция департаментінде аса маңызды істер жөніндегі аға анықтаушы қызметін атқарып келеді.
«Қызметім үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әрбір ұсақ-түйекке мән беруіміз тиіс. Мұндай дүниелерді жіті назарда ұстауымыз қажет. Сонда ғана нақты нәтижеге қол жеткіземіз. Өз қызметімді жауапкершілікпен орындауға тырысамын», - дейді Арай.
Арай Дүйсенаева 1988 жылы 18 қаңтарда дүниеге келген. Оның әулетінде полиция сапында еңбек еткен жақындары бар. Атасы Латиф Дүйсенаев 40 жылға жуық полиция қызметінде абыройлы қызмет атқарды. Ал ағасы Ержан Кубенов 1998-2015 жылдар аралығында криминалдық полиция саласында қылмыспен күресті, бүгінде отставкадағы полиция подполковнигі.
Жас болса да Арай өз ортасына сыйлы. Ол жарқын да жылы жүзімен көпшілікті баурай түседі. Отбасында көрген тәрбие оның адами болмысына әсер етті. Қайратты да қажырлы болуына септігін тигізді. Қызмет пен отбасының берекесін қатар ұстап, шаңырағының ұйытқысы, адал жар, аяулы ана болып отырған Арай қазіргі таңда отағасымен бірге екі ұл тәрбиелеуде.
Арайдың қазіргі әскери шені - подполковник. Ол қазақ қыздарының өз отбасы мен қоғам тәрбиесін қатар ала жүріп, сол жолда биік абырой-беделге қол созып отыр.
«Полиция қызметінде 15 жылдан бері қызмет етіп келемін. Бұл салада жемісті қызмет ету - менің бала кездегі арманым. Қоғамдағы құқық бұзушылықтың алдын алып, бейбіт өмірді қалыптастыруға күш-жігерімді салып келемін. Осы тұста атам мен ағамнан алған өмірлік дағдыларым қызметімді абыроймен атқаруға септігін тигізуде» - дейді Арай Дүйсенаева.