Полиция подполковнигі Ғалия Әбілдина: Түскен ортаң тәрбиелеп алады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат –Қарағанды облысы Полиция департаментінің полиция подполковнигі Ғалия Әбілдина балабақшадағы әдіскерден ішкі істер органындағы қызметіне дейінгі жолды қалай өткенін, темірдей тәртіпті ұстанып жүру қаншалықты қиын екенін айтып берді.

Бүгінде Ғ. Әбілдина облыстық ПД Ақпараттық-талдау қызметі бастығының орынбасары. Құқық қорғау органындағы өз мансабын қатардағы милиционерден бастаған. Ал оған дейін балабақшада әдіскер болып жұмыс істеген.

«Менің ата-анам гуманитарлық маман иелері: әкем-журналист, анам-педагог. Анам педагогикалық жолды таңдағанымды қалады. Мектептен кейін педагогика институтын бітіріп, мамандығым бойынша еңбек еттім. Бір күні Жаңаарқа ауданы ІІБ тергеушісі болып қызмет ететін ағам: «Органға бар, бізге тәртіпті, жауапты қыз қажет», - деді. Милиционер қызметінен хабардар болған едім. Себебі ағам тергеуші, тағы бір ағаларым - учаскелік инспектор, ОБХСС (Социалистік меншікті тонаумен күреске қарсы бөлім) қызметкері болды», - дейді ол.

Форма кигеннен кейін Ғалияны «Қиындықтарға төтеп бере алам ба?», «Жауапкершілікті ақтай алам ба?» деген сынды сан-түрлі сауал мазалаған. Дегенмен, ол ауыртпалықтың барлығын өткерген.


Ғ. Әбілдина Жаңаарқа аудандық ішкі істер бөліміне жұмысқа қалай орналасқанын еске алды.

«Маған ІІБ ғимараты ұнамады - біртүрлі, сұр болды. Есіктің тұтқасын бастым, ашылмады. Содан бұрылдым да кетіп қалдым. Маған үйге қоңырау шалып: «Сені ІІБ-да күтіп отыр», - деді. Қайта бардым. Содан бері менің өмірім құқық қорғау органдарымен байланысып кетті. Жаңаарқа аудандық ІІБ-де құпия құжаттармен жұмыс істедім. Маған алғашқы кезде тәжірибелі қызметкерлер көмектесті, олар – мені көп нәрсеге үйреткен тамаша адамдар», - дейді полицей.

Ол әлі күнге дейін өзінің алғашқы тәлімгерлерін ризашылықпен және жылылықпен еске алады. Көрсеткен қолдаулары мен қамқорлығына әлі күнге риза.

«Түскен ортаң сені тәрбиелейді, өзіңді жақсы сезінуге бейімдейді. Мен заңды таңдадым. Бұл тұрғыда әкемнің кітапханасы көп көмектесті – өз уақытында кітаптарды бас көтермей оқыдым. Қазір де оқимын – соңғы уақытта психологияға қызығушылық танытудамын. Бос уақытымда кітаппен оңаша қалуды жақсы көремін. Кітапты электронды түрде оқуға болмайды», - деп кеңес берді ол.

Ғалия Әбілдина тергеу изоляторында да қызмет еткен. Ал 2002 жылы Қарағанды облысы Ішкі істер департаменті ақпараттық-талдау қызметіне ауысып, екінші білім алды. Қазір Қарағанды облысы Полиция департаменті Ақпараттық-талдау қызметі бастығының орынбасары полиция подполковнигі Ғалия Қалиақпарқызы Абильдина жас қызметкерлерге үлгі және тәлімгер.

«Мақсатым - оларға өз тәжірибемді жеткізу. Олардың жұмысы көрінбейді. Бірақ нәтиже әкелу үшін заңды тұрғыда сауатты болу қажет. Маған оқыту ұнайды. Біздің қызметіміз қосалқы болса да, қызықты. Қылмысты ашуға учаскелік полиция инспекторларына, тергеушілерге, жедел қызметкерлерге, ювеналдық полиция қызметкерлеріне көмек көрсетеміз», - дейді полиция подполковнигі Ғ. Әбілдина.