ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкеріне пара бермек болған тұрғын ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға Орал қаласындағы Ж.Досмұхамедов көшесі бойында болған.
Ақжайық ауданының 54 жастағы Б. деген тұрғыны «Шкода Октавия» автокөлігі салонында патрульдік полиция батальонының инспекторы, полиция капитаны, 1987 жылғы А-ға 5 мың теңге ұсынған.
Осылайша аталған тұрғын ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 440-бабы 3-бөлігіне сәйкес (алкогольді ішімдік iшу немесе қоғамдық орынға масаң күйде келу) әкімшілік жауапкершіліктен құтылмақ болған. Сөйтіп оған қосымша қылмыстық істі жамап алды.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 367-бабы 1-бөлігіне (пара беру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда із-түзсіз жоғалып кеткен ер адамның мүрдесі табылғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).