Полицияға жалған ақпарат жеткізген Ақмола тұрғыны істі болды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының тұрғыны жалған сөйлеген үшін істі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, 2020 жылғы желтоқсанның 24-де Целиноград аудандық полицияның кезекші бөліміне Қараөткел ауылының 22 жастағы тұрғыны хабарласып, 23 желтоқсан күні түнде бейтаныс екі адам оны тонап, 80 мың теңге ақшасын тартып алғанын айтқан.

«Осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК 191 бабы «тонау» бойынша қылмыстық іс қозғалады. Алайда, істі мұқият тексеру кезінде бойжеткенді ешкім тонамағаны анықталды», - дейді ведомстводан.

Кейін зардап шекен азаматтың өзі мойындағандай, ол бұл ақшаны анасына беруі керек еді. Ол пайда таппақшы болып, «крипто валюта» сатып алған. Кейін ақшаны қайтара алмайтын болған соң, полицияға жалған хабар берген.

«Жалған арыз негізінде басталған сотқа дейінгі тергеу ісі тоқтатылып, жалған сөйлеген қызға қатысты Қылмыстық кодекстің 419-бабының 2 бөлігі «көрінеу жалған сөз жеткізу» бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деп толықтырды ведомстводан.