11:04, 30 Наурыз 2009
Полицияға жәрдемдесу отряды қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға белсене араласуда - ІІД
АЛМАТЫ. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Алматы қалалық ІІД мен жоғары оқу орындарының басшылары студент жастар қылмысының алдын алу мақсатында жатақханалар мен оқу орындарында қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстарына студенттердің өздерін тарту мәселесін талқылады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық ІІД Тіл саясаты және ақпарат басқармасына сілтеме жасап.Алматы полициясы «Студенттер отрядының құқық тәртібі туралы» ережесін бекітті. Онда студенттер отряды мүшесінің міндеттері мен құқықтары белгіленген. Осы жұмыстарға озық ойлы студенттердің әлеуетті үлгілері пайдаланылып, жастар ұйымдары тартылады. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының жастар қанатымен бірлескен жұмыстар атқарылатын болады.«Бүгінгі таңда студенттер қауымы алдын-ала ықпал ету жұмыстарына зәру. Биылғы жылдың басынан бері студенттердің қолымен 25 қылмыс жасалса, соның ішінде 5 қарулы шабуыл, 12 кісі тонау, 4 бөтеннің мүлкін ұрлау, 1 дене жарақатын салу, 1 алаяқтық, 1 көлік ұрлау сынды оқиғалар орын алған. Екі студент заңсыз есірткі сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Әртүрлі құқық бұзғандықтары үшін 320 студент әкімшілік жауапкершілікке тартылған», - дейді Алматының қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Серік Қазыбаев.Қазірде Алматының 46 жоғары оқу орнында 17 полицияға жәрдемдесу отряды құрылған. Студенттер жатақханасының алтауында учаскелік өкілдердің бекеттері жұмыс істейді. Сонымен қатар, тағы да бес жатақханада учаскелік қолдау көрсету бекеттерін ашу жоспарда тұр. Осы жылдың ақпан айында студенттерді қоғамдық тәртіпті сақтауға шақыру мақсатында қала әкімінің қатысуымен жоғары оқу орындарының бірлескен кеңесі өтті. Жиында студенттер отрядтарын құру жолында меморандум бекітілді.Алматы ІІД студенттер отрядтарына әдістемелік және іс-тәжірибелік көмектер көрсетіп келеді. Олардың ішінен белсенді қызметтерімен көзге түскендерін марапаттауға биылғы жылы 2 млн. теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр.