Полицияның «Түн кезген балалар» рейді барысында 57 құқық бұзушылық анықталды

АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат - Астана қаласының ІІД кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімінің қызметкерлері «Түн кезген балалар» алдын алу іс-шараларын өткізді.

Рейдтің мақсаты - қала көшелерінде қараусыз, қаңғыбастық өмір кешіп жүрген кәмелетке жасы толмағандарды (соның ішінде ойын-сауық мекемелерінде түнгі мезгілде заңды өкілдерінсіз жүргендерді де) анықтау. Бұл туралы қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі мәлім етті.

Елорданың ресми сайтының жазуынша, іс-шара барысында барлығы 12 рейд жүргізіліп, 57 құқық бұзушылық анықталды. Полиция қызметкерлері 6 тұрмысы төмен отбасы мен үш кәмелетке жасы толмаған жасөспірімді есепке алды. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың түнгі мезгілде ойын-сауық орындарында болуының 3 фактісі анықталып, сол үшін олардың 32 заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жүргізілген рейдтер кезінде қараусыз қалған 7 бала Астана қаласының Білім басқармасының Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.

Сонымен қатар, Департаменттің баспасөз қызметінің деректеріне сәйкес, «Түн кезген балалар» жедел алдын алу іс-шаралары аясында 18 жасқа толмаған балаларға темекі өнімдерін сатудың 4 дерегі анықталды.

Қалалық ІІД Әкімшілік полициясы басқармасы «Темекі түтінінен арылған Қазақстан» коалициясымен бірлесіп, тұрақты түрде темекі тартуды шектеуге бағытталған профилактикалық іс-шараларды жүргізіп отырады.

«Жалпы, жыл басынан бері учаскелік полиция инспекторлары ҚР «Жекелеген қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салуды бұзу» ӘҚ туралы Кодексінің 336-1 бабы бойынша Астанада 207 әкімшілік хаттама толтырды», - деп хабарлады ведомстводан.