Полиомиелиттің пайда болуы мен таралуының алдын алу жөнінде санитариялық-эпидемияға қарсы шаралар күшейтілді

АСТАНА. Мамырдың 11-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі полиомиелиттің пайда болуы мен таралуының алдын алу жөнінде санитариялық-эпидемияға қарсы шараларды күшейтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Дүние жүзінде полиомелитпен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты, Қазақстан аумағында полиомиелиттің пайда болуының және таралуының алдын алу жөнінде санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды күшейту мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы, Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Кеңес Оспанов «Қазақстан Республикасының аумағында полиомиелиттің пайда болуы мен таралуының алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды күшейту туралы» қаулыға қол қойды», делінген Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің таратқан хабарламасында.

Атап айтқанда, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы департаменттерінің директорларына денсаулық сақтау саласының басты нысандарына, оның ішінде қалпына келтіру және физиотерапиялық орталықтарға аптасына кемінде 1 рет бару арқылы жіті енжар паралич жағдайларын белсенді іздеуді күшейту туралы тапсырма берілген.

МСЭҚК-нің көліктегі департаменттерінің директорларына Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде полиомиелит бойынша жағдай қолайсыз елдерден келген жолаушыларға санитариялық-карантиндік бақылауды күшейту, полиомиелит бойынша жағдайы қолайсыз елдерден келген адамдарда инфекциялық ауру белгілері, оның ішінде полиомиелит белгілері білінген кезде, келіп тоқтаған жердегі аумақтық денсаулық сақтау ұйымдарына медициналық көмекке уақтылы жүгінуі жөнінде ақпарат беруді қамтамасыз ету тапсырылған.

МСЭҚК департаменттерінің директорларына және облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының денсаулық сақтау басқармаларының бастықтарына медициналық қарсылықтардың негізділігін, вакцинациямен аз қамтылған, көшіп келген адамдар саны көп аумақтарды, тіркелмеген адамдар мен халықтың шалғайдағы топтарын ескере отырып, әрбір педиатриялық учаске бойынша 5 жасқа дейінгі балалардың егілуіне талдау жүргізу тапсырылды.

Жасы бойынша вакцинациямен толық қамтылмаған адамдар анықталған жағдайда (3 дозадан кем) егулер арасындағы жиілік пен аралық (4 аптадан кем емес) ескеріле отырып полиомиелитке қарсы иммундауды қамтамасыз ету;

Көші-қон қызметінің аумақтық органдарымен бірлесіп Тәжікстан Республикасы азаматтарының мекен-жайларын, санын, егу анамнезін анықтау және есепке алу бойынша жұмыс жүргізу; Егілмеген және егілуі туралы құжаттамалық расталуы жоқ 15 жасқа дейінгі балаларға полиомиелитке қарсы вакцинация курсын (үш рет) жүргізу; Тәжікстан Республикасына және полиомиелит бойынша қолайсыз елдерге баратын адамдар жүгінген жағдайда, аумақтық денсаулық сақтау ұйымдарында полиомиелитке қарсы қосымша иммундау жүргізу туралы тапсырма берілді.

Осы қаулының толық мәтіні ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында «Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімінде» орналастырылған.