Полицейлер ел аумағында 30-дан астам қылмыс жасаған күдіктіні ұстады

Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері «Киберқылмыспен күреске арналған бағдарлама» жоспарын іске асыру шеңберінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, бұрын бірнеше рет сотты болған, Қазақстан аумағында бірнеше қылмыс жасады деп күдікке ілінген 31 жастағы ер адамды ұстады. Бұл туралы Kazinform polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Фото: Kazinform

Аталмыш Жамбыл облысының тұрғыны қылмысты алдын ала жоспарлап, кез келген өтіп бара жатқан адамдардан қоңырау шалу үшін ұялы телефондарын сұрап алып, содан кейін бой тасалап отырған. Ол ұрлаған ұялы телефондарды ірі қалалардың базарларында сатып, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған. 

Бүгінгі таңда полицейлер күдіктінің Түркістан облысында жасалған 10 алаяқтық қылмысы мен 1 автокөлік ұрлау фактісіне қатысы бар екенін дәлелдеді. 

Сонымен қатар ер адамға Қызылорда облысында ұрлық жасағаны үшін іздеу жарияланған. Сондай-ақ «ұрлық» пен «алаяқтық» баптары бойынша Қазақстанның 3 мегаполисі мен 5 облысында жасалған 22 қылмысқа қатысы бары анықталды. 

Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Оның басқа осыған ұқсас ашылмаған қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.