Полицейлердің үй-үйді аралап, саусақ ізін алып жүргені рас па

Фото: Pexels

АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Ішкі істер министрлігі WhatsApp желісінде тараған алаяқтықтың жаңа схемасына пікір білдірді.

Бұған дейін тараған ақпаратта бір топ адамның ұрлық жасау мақсатында үй-үйді аралап, өздерін құқық қорғау қызметкері ретінде таныстырып жүргені айтылған. 

Жауапты ведомство өкілдері бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтады.

— Тараған хабарламада көрсетілген алаяқтық фактілері республика аумағында тіркелген жоқ. ІІМ азаматтардың жеке куәлігін тексеру, суретке түсіру және саусақ ізін алу мақсатында үй араламайды. ҚР ҚК-нің 274-бабына сәйкес көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік барын ескертеміз. Азаматтарды сақ болуға және бөгде адамдарға жеке деректерді бермеуге шақырамыз, — дейді ІІМ баспасөз қызметі.

 

Зұлқарнай Ермұрат