Полиция бекетіндегі қайғылы оқиға: министрлік істі тергеудің мән-жайын мәлімдеді

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Қарағандыда полиция пунктінде әйел адамның мәйітінің табылуы оқиғасын тергеу ісіне қатысты түсінік берді. 

— Қарағандыдағы оқиға бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Бұл жұмысты ҚР ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті жүзеге асырып отыр. Қылмыстық іс бойынша бірқатар сот-медициналық сараптама жүргізіледі. Оның қорытындысын алғаннан кейін, тергеу нәтижесі мен әйелдің өліміне қатысты толық ақпарат жарияланады, — деді Санжар Әділов Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, оқиға орнында болған полицейге қатысты қорғануға құқығы бар куәгер мәртебесі берілді.

— Іс бойынша айғақтарды жинақтау жүріп жатыр, — деді министрдің орынбасары.

Еске салсақ, қыркүйек айының аяғында Қарағандыда полицияның бір тірек пунктінде әйел адамның мәйіті табылғанын жазған едік

Оқиға орнында ес-түссіз жатқан полицей қызметкері де болған. Ол дереу медициналық мекемеге жеткізілді.

Ал қазан айында Қарағанды қаласындағы Михайлов полиция бөлімінің тірек пунктінде әйелдің мәйіті табылуына байланысты қызметтік тергеу жүргізілді. Нәтижесінде, бірнеше басшы қызметінен босатылды.