Полиция қандай жағдайда қызметтік қаруды қолдана алады

Фото: Фото: Максат Шагырбаев/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ішкі істер министрлігі полицейлер қай жағдайда қызметтік қаруды қолданатынын түсіндірді.

«Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 61-бабына сәйкес, қызметкерлер атыс қаруын және өзге де қаруды жеке адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайда оларды қылмыскерден қорғау, сол сияқты кепiлге алынғандарды босату кезінде, сондай-ақ қызметкерлерге және олардың отбасы мүшелерiне, қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі қызметтiк немесе қоғамдық борышын атқарып жүрген адамдарға жасалған шабуылға тойтарыс беру жағдайында қолданады», - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Мұнымен қоса, қызметкерлер атыс қаруын және өзге де қаруды:

- жеке адамдардың тұрғын үй-жайларына, құқық қорғау органдары күзететiн объектiлерге, мемлекеттік ұйымдардың үй-жайларына жасалған шабуылға тойтарыс беру, қызметтiк немесе әскери нарядқа жасалған шабуылға тойтарыс беру;

- құқық қорғау органының атыс қаруын және өзге де қаруды, арнайы көлік құралын тартып алу әрекеттерінің жолын кесу;

- қарсылық көрсететін немесе қылмыс жасау кезінде үстінен түскен, қамаудан қашқан адамдарды (әкiмшiлiк қамақта ұсталатындардан басқа) ұстау, қаруланған адамдарды ұстау;

- егер көлік жүргiзушi қызметкердiң заңды талаптарына бағынбаса және жеке адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiрсе, көлiк құралдарына ақау келтіру арқылы оларды тоқтату;

- қару қолдану ниеті туралы азаматтарға ескерту, дабыл сигналын беру немесе көмекке шақыру үшін қолдануға құқығы бар.

Сонымен қатар, қызметтік қаруды полиция қызметкерлері барлық басқа да қажет қорғаныс жағдайларында қолдана алады.