Полиция жол апаты жиілеген Самара - Шымкент тасжолында бақылауды күшейтетін болды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбе полициясы Самара-Шымкент тасжолында бақылауды күшейтті. Енді қозғалыс көбейген кезде алып жүруді ұйымдастырады.
Полиция Самара - Шымкент тасжолында жеңіл автокөліктерді және жүк көліктерін алып жүруді бастады. Әсіресе жол-көлік апаты жиі тіркелетін Ақтөбе-Қарабұтақ аралығы назарда болады.
- Екі күнде облыста 12 адам көз жұмды. Жүк көлігі қарсы бағытқа шығып, жеңіл көлікпен соқтығысты. Барлығы 8 адам, оның ішінде 5 бала қаза тапты. Жол апатының негізгі себебі - басып озу ережесін бұзу. Полиция жолды бірнеше бөлікке бөліп алып, қозғалыс күшейген кезде алып жүруді ұйымдастырады. Жүргізушілер, адамдар кептеліс тудырады деп айтып жатыр. Бәрі қауіпсіздік үшін екенін ұмытпаған дұрыс. Қазіргі кезде 107 жүк көлігін алып жүрді. Бұл жолда 16 топ жүр. Әрбір 30-40 шақырымға бір полиция тобынан келеді,- деді Ақтөбе облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдос Құлжанов.
Ол адамдардың полицияға кінә артатынын, ал шын мәнінде жолдағы барлық адам ережеге бағынуы қажет екенін түсірдірді.
- Сараптап келе таңертең 8:00-11:00 арасында көліктің көп жүретіні анықталды. Түсте ұйықтайтап, тамақтанатын секілді. 15:00-18:00 арасында да қозғалыс жиілейді. Қазір көліктерді жиып-жиып алып жүреміз. Кептелісті қолдан жасап жатыр деген адамдарға бәрі бас амандығы үшін деп айтқым келеді,- деді Айдос Құлжанов.
Еске салсақ, өткен аптада футболдан турнирге бара жатқан балалар Самара-Шымкент тасжолында мерт болды. Бірден жүк көлігінің жүргізушісі қамалды.
Кейін осы жолда тағы да жүк көлігі және жеңіл көлік соқтығысты. Онда екі адам көз жұмды.
Ал Ақтөбе қаласы аумағында жеңіл көлік жүк көлігінің астында қалып, екі адам жан тапсырды.