Польша қалаларында миграцияға қарсы жүзге жуық шеру өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Польшада иммиграциялық саясатты қатаңдатуды және шекараларды жабуды талап еткен ауқымды наразылық акциялары өтті, деп хабарлайды Euronews .
Ел бойынша 80-нен астам қалада «Иммиграцияны тоқтатайық» ұранымен шерулер өтті. Барлығы 100-ге жуық қоғамдық акция тіркелген.
Наразылық шараларын ультраоңшыл бағыттағы «Бостандық пен тәуелсіздік конфедерациясы» партиясы ұйымдастырған.
Алаңға шыққандардың негізгі талаптары - Польшаның Литва, Украина, Беларусь және Словакиямен арадағы шекарасын жабу және шекаралық бақылауды қатаңдату. Партия көшбасшыларының бірі Кшиштоф Босак Варшавада өткен шеру кезінде сөз сөйлеп, ел үкіметінің отставкасын талап етті. Сонымен қатар ол шекараны заңсыз кесіп өткендерге әскерилерге оқ ату құқығын беруді ұсынды.
Антииммиграциялық шерулер Варшава, Краков, Познань, Вроцлав, Белосток және басқа да қалаларда өтті. Көшеге қатаң көші-қон саясатын жақтайтындар ғана емес, ультраоңшыл ұрандарға қарсы шыққан белсенділер де жиналды.
Варшава, Катовице және Ольштында өткен акциялар барысында жұрт босқындардың құқықтарын қорғауды және толеранттылықты қолдау қажеттігін де ұрандатты.
Наразылықтар 7 шілдеде Польша Германия және Литвамен бірге шекаралық бақылауды енгізгеннен кейін күшейген. Қазіргі таңда Польша-Германия шекарасында 52 бақылау пункті, Польша-Литва шекарасында 13 бақылау пункті жұмыс істеп тұр. Бұған қоса, Польша ЕО-ның бес елімен бірге баспана беру шарттарын қатаңдату туралы келісімге қол қойған болатын.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Трамп Обаманы 2016 жылғы сайлауда алаяқтық жасады деп айыптады.