Польша президенті азаматтарды қорлағаны үшін сотқа шақырылды

АСТАНА. KAZINFORM – Польша президенті Анджей Дуда азаматтарға тіл тигізу ісі бойынша президенттік мерзімі аяқталған соң сотқа шақырылады. Бұл туралы Польшаның ксенофобия мен нәсілшілдік мінез-құлықты бақылау орталығы хабарлады, деп жазады Белта агенттігі.

Фото: Белта

Бұған дейін орталық президент көші-қон дағдарысы тақырыбын көтерген «Жасыл шекара» фильміне қатысты мәлімдемесіне байланысты шағым түсірген болатын. Теледидарда Дуда киноға келушілердің «шошқа» екенін меңзеген.

Нақтырақ айтатын болсақ, Анджей Дуда Польшаның TVP арнасында фильмді сынап, «Польша шекарашыларды қорлап жатыр» деді. Сондай-ақ, президент фильмді тамашалаған шекарашылардың «Кинотеатрда тек шошқалар отырады» деген сөзді қолданғанына таңқалмағанын айтты. Осы мәлімдемеден кейін көп ұзамай орталық президенттің үстінен сотқа шағым түсіргенін хабарлады.

Варшава аудандық сотында орталықтың президентке қарсы арызы бойынша тыңдау 2025 жылдың 24 қазанында жергілікті уақыт бойынша сағат 10:00-ге белгіленді. Іс ашық және кез келген адам сот залынан трансляцияны көре алады.

Фильм туралы: Режиссер Агнески Голланд түсірген «Жасыл шекара» фильмінің премьерасы 2023 жылдың қыркүйегінде Венеция кинофестивалінде өтті. Фильмде 2020 жылдардың басындағы Беларусь-Польша шекарасында болған оқиғалар суреттеледі. Басты кейіпкерлер – босқындар, Ауғанстаннан келген ағылшын мұғалімі және сириялық отбасы. Олар ЕО елдеріне кіруге тырысып, шекарада тұрып қалады.