Польша ядролық қаруға ие болғысы келеді
АСТАНА. KAZINFORM – Польша премьер-министрі Дональд Туск елдегі барлық ер адамдар үшін әскери дайындықты міндетті ету бойынша жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Польша парламентінде Ресей тарапынан қауіп төніп тұрған кезде ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған басқа да шаралар кешені туралы айтқанда мәлімдеді, деп хабарлайды ВВС.
- Осы жылдың соңына дейін біз Польшадағы соғыс жағдайында әрбір ересек ер азаматтың әскери даярлығын қамтамасыз ететін үлгіні дайындауға тырысамыз, ал қалыптасқан резерв ықтимал қауіптерге сәйкес келеді, - деді Туск Сеймде сөйлеген сөзінде.
Дональд Туск атап өткендей, қазіргі уақытта Украина армиясының саны 800 мың, ал Ресей армиясында 1,3 млн-ға жуық сарбаз бар. Поляк армиясы, оның ішінде резервшілер шамамен 200 мыңнан 500 мың адамға дейін ұлғаюы керек.
- Егер біз бәрін сауатты ұйымдастырсақ және мен Қорғаныс министрімен үнемі кеңесіп жүрмін – әрекет етудің бірнеше нұсқасын қолдануға тура келеді. Бұл резервшілерді жұмылдыру, сондай-ақ әскерге бармайтындар қақтығыс кезінде толыққанды және сауатты сарбазға айналуы үшін қарқынды дайындық жүргізу дегенді білдіреді, - деді премьер-министр.
Туск әйелдердің де әскери дайындықтан өтуі мүмкін, бірақ «соғыс әлі де негізінен ерлердің ісі» екенін атап өтті.
Премьер-министрдің атап өтуінше, оның үкіметі Францияның оның ядролық қолшатырын бүкіл Еуропа бойынша кеңейту туралы ұсынысын мұқият қарап жатқанын мәлімдеді.
- Мен, ең алдымен, бұл қару-жараққа қатысты билік тұрғысынан нені білдіретінін егжей-тегжейлі білгім келеді, - деді ол.
Туск Украинаның ядролық арсеналынан бас тартқаннан кейін шабуылға ұшырағанын атап өтіп, Варшаваның болашағы қаншалықты алыс болса да өзінің ядролық қаруына ие болғысы келетінін қосып өтті.
- Бүгінде өзіміздің ядролық арсеналымыз болса, қауіпсіз болатынымыз анық, бұған еш күмән жоқ. Қалай болғанда да, бұған жол өте ұзақ болады, ол үшін ортақ пікірге келу қажет, - деді ол.
Биыл Польша өзінің ішкі жалпы өнімінің 4,7 пайызын қорғанысқа жұмсауды жоспарлап отыр, бұл – НАТО-дағы ең жоғары көрсеткіш.
Туск парламентте шығындарды ЖІӨ-нің 5%-ыга дейін арттыру керектігін айтты.
Былтыр Польша мектептерінде оқушыларға атыс қаруын меңгеру міндеттелген.