Мамандардың алдын ала бағалауынша, ғибадатхана шамамен 1140 жылы салынған. Бұл мерзім расталса, ол Польша аумағынан табылған осы типтегі ең көне ағаш шіркеу болмақ.
Археологтар шіркеуден бөлек, ағаштан салынған тұрғын үйлердің қалдықтары мен ортағасырлық зиратты да тапқан. Зерттеушілердің мәліметінше, ғимараттың кейбір құрылымдары 1,5 метрге дейінгі биіктікте сақталған. Алайда нысанның едәуір бөлігі әлі де көрші көшенің астында жатыр.
Гданьск билігі сақталған құрылымдарды айналасындағы тарихи қабатпен бірге қазып алып, консервациялау мүмкіндігін қарастырып жатыр. Кейін көне жәдігерді көпшілік назарына ұсыну жоспарланып отыр. Мамандардың пікірінше, мұндай тәсіл ерте орта ғасырларға тиесілі бірегей тарихи ескерткішті болашақ ұрпаққа сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Бұрынғы балмұздақ сататын дәмхана орналасқан аумақта археологиялық зерттеулер 2023 жылдан бері жүргізіліп келеді. Бұған дейін мұнда ортағасырлық жерлеу орындары мен XIII ғасырға тиесілі тас құлпытастар табылған. Алайда ағаш шіркеудің анықталуы қазба жұмыстары барысында жасалған ең маңызды жаңалықтардың біріне айналды.
Айта кетейік, бұған дейін Отырар қалашығынан XIII-XVIII ғасырларға тиесілі құнды жәдігерлер табылғанын жазғанбыз.