Краковқа Қазақстан, Қырғызстан, Чехия, Словакия, Румыния, Германия, Украина, Норвегия, Финляндия, Италия, Франция, Аустрия, Испания, Канада, Беларусь, Колумбия және өзге де елдерден Dears келді. Концерт қарсаңында олар достарымен жүздесіп, пікірлес жандармен танысып, поляк халқының қонақжайлығын сезініп, кешті бірге өткізу мүмкіндігіне ие болды.
Польшалық фан-клубтың негізін қалаушылар Тереза Какол мен Моника Василевская қатысушыларға құттықтау сөз арнады. Ал әншінің ата-анасы Қанат және Светлана Айтбаевтар мерекелік кештің арнайы қонақтары болды.
Кеш ұйымдастырушылары қонақтарды Польшаның музыка және би дәстүрлерімен таныстыратын бағдарлама әзірледі. Krakus ұжымы залға полонез әуенімен кірді. Мерекелік бағдарлама халық билері мен әзіл-сықақ қойылымдарына ұласып, кейін көрермендер өнерпаздармен суретке түсіп, бірге ән шырқады. Сондай-ақ кездесу қатысушылары Краковтың танымал нышандарының бірі — Лайконикпен де жүздесті.
Бағдарламада бірнеше жылдан бері Димаштың әндерін кавермен ұсынып жүрген польшалық фан-клубтың DiVoices хорының өнеріне ерекше орын берілді. Бұл кеште әр түрлі тілде, соның ішінде қазақ тіліндегі әндер да шырқалды. «Махаббат бер маған» әнін орындау кезінде хорға Светлана Айтбаева мен Расул Усманов қосылды.
Кеш Польшаның таулы өңірлеріндегі халық мәдениетін танытатын «Morskie Oko» гураль ансамблінің өнерімен жалғасты. Ұжым сахнаға шыққан сәтте DiVoices хорының мүшелері ансамбльмен бірге «Hej, bystra woda» әнін орындады.
Айта кетелік Польшада әншіні қарсы алуға 10-нан аса елдің жанкүйері келген еді.