Польшада ірі мұнай кен орны табылды

Фото: freepik

АСТАНА. KAZINFORM —  Канадалық энергетикалық компания Балтық теңізінде ірі көмірсутек қоры бар кен орнын анықтады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісі TVP World арнасына сілтеме жасай отырып хабарлады. 

Канаданың Central European Petroleum (CEP) компаниясы Польшадағы Свиноуйсьце портты қаласының маңында, Балтық теңізінің солтүстік-батыс жағалауында ірі мұнай және газ кен орнын тапты.

Компания Wolin East 1 (WE1) бұрғылау ұңғымасында 22 миллион тонна мұнай және 5 миллиард текше метр газ бар деп бағаланып отырған кен орнын ашқанын жариялады.

Алдын ала мәліметтер бойынша, жалпы қор 33 миллион тонна мұнай мен 27 миллиард текше метр газды құрауы мүмкін.

Польша ақпарат агенттігінің (PAP) хабарлауынша, бұл — соңғы онжылдықта Еуропада ашылған ең ірі дәстүрлі мұнай кен орындарының бірі болып табылады.

CEP компаниясының бас директоры Рольф Г. Скаар баспасөз хабарламасында:

— Бұл — Central European Petroleum компаниясы мен жалпы польшалық энергетика секторы үшін тарихи сәт, — деп мәлімдеді.

Wolin лицензиялық аумағы 593 шаршы шақырымды қамтиды.

Айта кетейік, бұған дейін Қытайдың ұлттық теңіз мұнай корпорациясы (CNOOC) Оңтүстік Қытай теңізінің шығыс бөлігінде 100 миллион тоннадан астам дәлелденген мұнай қорына ие ірі кен орны табылғанын хабарлаған болатын.

Еске сала кетейік, бұған дейін Түркиядағы Қара теңізден жаңа газ кен орны табылғанын жазған едік.