Польшадағы президент сайлауы: тартыс енді ғана басталды

Фото: PAP

АСТАНА.KAZINFORM — Өткен демалыс күндері Польшада президент сайлауының алғашқы кезеңі аяқталды. Онда алғашқы екі орынды «Азаматтық платформа» партиясының кандидаты Рафал Тшасковский мен «Құқық және әділет» партиясының атынан сайлауға түскен Кароль Навроцкий иеленді, деп жазды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

 «Азаматтық платформа» өкілі Рафал Тшасковский 31,36% дауыс жинаса, популистік оңшыл «Құқық және әділет» партиясының қолдауына ие болған Кароль Навроцкий 29,54% дауысқа ие болды.

Енді екі кандидат 2025 жылдың 1 маусымында өтетін екінші турда бақ сынайды. Егер Тшасковский жеңіске жетсе, бұл үкімет басшысы Дональд Тусктің ел ішіндегі позициясын күшейтуге көмектеседі. Ал егер Навроцкий жеңсе, Польшада елдің екі ірі саяси партиясы арасындағы текетірес жалғасуы мүмкін.

Батыс басылымдарының жазуынша, алғашқы турдың нәтижесі бойынша Тускке қарсы шыққан партиялар оның жақтастарына қарағанда жақсы нәтиже көрсетті. Бұл жағдай Тшасковский үшін қиындық туғызуы мүмкін.

— Тшасковскийдің басымдығы сауалнама нәтижелерінде болжағаннан аз болды, бұл Навроцкийге екінші турға сенімді өтуге мүмкіндік берді, — деп жазады POLITICO.

— Сегіз ай бұрын мен бұл жарыс өте тартысты болады деген едім, шынымен де солай болып отыр, — деді Тшасковский жексенбі күні кешкі митинг кезінде.

Фото: wikipedia

— Бұл нәтиже бізге президенттік сайлауда жеңіске жету үшін қаншалықты күшті әрі табанды болуымыз керектігін көрсетіп отыр. Біз мәреге жақындадық. Біз жеңеміз! — деп қосты ол.

Өз кезегінде, Навроцкий өз жақтастарына «үгіт-насихат, жалған ақпарат пен өтірікке қарсы тұрып, Дональд Туск басқаратын мемлекеттік құрылымдардың ықпалына көнбегені» үшін алғыс айтты.

Варшавадағы Стефан Вышинский атындағы университеттің саясаттанушысы Бартош Рыдлинскийдің айтуынша, енді Варшава мэрі (Тшасковский) электоратты кеңейту үшін бұрынғыдан да ауқымды қолдау іздеуге мәжбүр болады.

— Біз Навроцкийден басқа кандидаттарға дауыс берген сайлаушылар үшін түрлі, кейде қарама-қайшы сигналдарды көретін боламыз, — деді Б. Рыдлинский European Newspaper басылымына.

Келесі кезеңде тартыс бірінші турда басқа кандидаттарға дауыс берген сайлаушылар үшін болатыны күтіледі. Тшасковский орта және солшыл бағыттағы үміткерлердің жақтастарынан қолдау іздесе, Навроцкий үшінші орын алған ультраоңшыл кандидат Славомир Менценнің (14,8% дауыс) электоратына үміт артады.

Фото: wikipedia

— Мен Славомир Менценге үндеу жолдағым келеді. Қазір — Польшаны құтқаратын сәт. Біз екеуіміз де егемен, күшті, бай және қауіпсіз Польшаға ұмтыламыз, — деді Навроцкий дауыс беру аяқталған соң сөйлеген сөзінде.

Парламент спикері Шимон Холовня «Польша 2050» оңшыл-орталық партиясынан сайлауға қатысып, 4,99% дауыс жинады. Солшыл бағыттағы Магдалена Беят 4,23% дауысқа ие болды. Бұл екі партия да Дональд Туск басқаратын билеуші коалиция құрамына кіреді. Сайлау алдындағы науқанда олар Тшасковскийге қарсы сын айтудан аулақ болды.

— Енді Тшасковский, бәлкім, Шимон Холовня мен Магдалена Беят секілді кандидаттарға достық ниет танытатын сигналдар жолдауы мүмкін, — деді сарапшы.

Фото: wikipedia

Жалпы алғанда, Тускке қарсы шыққан кандидаттар үкіметті қолдаған үміткерлерден жақсы нәтиже көрсетті. Бұл — Тшасковский үшін 1 маусымда өтетін екінші турда жеңіске жетуді қиындататын фактор.

— Бұл енді нағыз шешуші сәт. Әрбір дауыс үшін күрес басталады. Алдағы екі апта — еліміздің болашағын айқындайтын кезең. Сондықтан артқа шегінуге болмайды, — деп жазды премьер-министр Дональд Туск әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетейік, Польшада президент сайлауының екінші кезеңі 2025 жылдың 1 маусымында өтеді.

Польшада соңғы онжылдықтағы ең жоғары қатысу тіркелді.