ОРАЛ. ҚазАқпарат - Италияның Тоблах қаласында қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин әлем кубогы кезеңінде қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
А.Полторанин 15 км қашықтықта классикалық тәсілмен ізге түсіп жарысуда жеңімпаз атанған норвегиялық Йоханнес Клебодан небәрі 4,5 секундқа қалып қойды. Екінші орынға ресейлік Сергей Устюгов көтерілді.
Әйелдер арасында 10 км қашықтықта ізге түсіп жарысуда норвегиялық шаңғышылар Марит Бьорген, Ингвильд Остберг, Хейди Венг алғашқы үш орынды бөлісті. Қазақстандықтардан Анна Шевченко 51-інші орыннан көрінді.
Айта кетейік, бұл - Алексей Полтораниннің биылғы маусымдағы алғашқы жүлдесі. А.Полторанин классикалық тәсілмен жақсы жүгіреді. Сондықтан алдағы жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін қысқы олимпиадалық ойындарда қазақстандықтар осы шаңғышыға үміт артады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).