Поляк халқының тағдырындағы кей кезеңдер қазақ тарихымен үндеседі – ғалым

АСТАНА. KAZINFORM – Поляктар Қазақстанға бірнеше тарихи кезеңде жер аударылған. Бұл туралы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Ел тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, профессор Сейітқали Дүйсен айтты.

Фото: Венера Жоламан

Ғалымның сөзінше, кейбір деректер бойынша поляк халқының Қазақстанмен байланысы сонау XVI ғасырдан басталады. Ол кезде Қазақстанға поляк ұлтының жекелеген өкілдері келе бастаған.

– Поляк халқының тағдырындағы кейбір кезеңдер қазақ халқының тарихымен үндеседі. Польша бірнеше рет Ресей, Австро-Венгрия және Герман империяларының бөлісіне түсті. Соның салдарынан Польшаның бір бөлігі Ресей империясының құрамына өтті. Сол кезде бірқатар поляк Қазақстанға жер аударылды. Поляктар азаттық үшін күрес жүргізді. Патша үкіметі бұл күресті күшпен басып, оған қатысқандар мен басшыларын Сібірге, соның ішінде Қазақстанға да жер аударды, – деді Сейітқали Дүйсен.

Оның айтуынша, поляктарды Қазақстанға жер аудару кейінгі кезеңдерде де жалғасты.

– Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін поляктар Қазақстанға тағы бірнеше кезеңмен жер аударылды. Соғыс аяқталғаннан кейін поляк азаматтары біртіндеп еліне қайтарыла бастады. Бірақ Қазақстанда қалып қойғандары да болды. Кейбірі осы жерді мекен етсе, енді бірі түрлі жағдайға байланысты осында отбасын құрып, ұрпақ өрбітті. Жалпы, 1946 жылдан бастап поляктар еліне қайтарыла бастады. Ал 1956 жылы өз еліне қайтуға рұқсат алды, – деді ғалым.

Сейітқали Дүйсен Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін екі ел арасындағы байланыс нығая түскенін атап өтті. Сондай-ақ екі халықтың тарихындағы ұқсас кезеңдерді зерттеп, өткенді кейінгі ұрпақ жадында сақтаудың маңызына тоқталды.

– Осындай ауыр тағдырлардың болашақта қайталануына жол бермеу, кейінгі ұрпақтың оны ұмытпауы үшін түрлі ғылыми жиындар мен конференциялар өткізіліп тұрады, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін 1936 жылы Украинадан 35 820 поляк Қазақстанға күштеп көшірілгені туралы жазған едік.