Поляк теннисшісі алғаш рет US Open турнирінің жеңімпазы атанды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Поляк теннисшісі Ига Свентек АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемнің 1-ракеткасы И.Свентек финалда дүниежүзілік рейтингте 5-сатыда тұрған тунистік Онс Жабермен бас жүлдені сарапқа салды.

Ига 1 сағат 45 минутқа созылған кездесуде 6:2, 7:6 (7:5) есебімен жеңіске жетті.

Осылайша, бұған дейін Ролан Гаррос жарысының екі мәрте жеңімпазы атанған И.Свентек үшінші рет «Үлкен дулыға» турнирін ұтты. Ол қатарынан оныншы финалында ешкімге дес бермеді.

И.Свентек АҚШ ашық чемпионатында үздік шығуы нәтижесінде 2,6 млн АҚШ доллары көлемінде табыс тауып, 2 мың рейтингілік ұпайға ие болды.

Осы додада 1,3 млн долларға қоса 1300 ұпайға қол жеткізген О.Жабер дүйсенбіде жаңартылатын әлемдік рейтингіде 2-орынға көтеріледі. Ол қатарынан екінші финалда жеңіліп қалды. Онс Жабер Уимблдон турнирінің финалында қазақстандық Елена Рыбакинаға жол берген еді.

АҚШ ашық чемпионатында ерлер арасында финалда норвегиялық Каспер Рууд пен испаниялық, 19 жастағы Карлос Алькарас кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан теннис құрамасының Дэвис кубогына дайындықты бастағанын жазған болатынбыз .



Фото: drmichellecleere.com