Понтоншылар тәжірибелерін шыңдады - ҚР ҚМ

АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат - Инженерлік-саперлік әскерлерінің полигонында екі апта бойы понтонды-көпір батальонының әскери қызметшілері инженерлік қамтамасыз ету мәселелерін пысықтады. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Офицерлер мерзімді қызметтегі сарбаздарға понтонды өзен өткелі арқылы қалай дұрыс пайдалану керектігін, өзіне бекітілген қарудан атуды, сеніп тапсырылған инженерлік техниканы шебер басқаруды үйретті.

Далалық жаттығулар понтонды-көпір батальонының рота мен взвод командирлеріне штаттық техниканы кең түрде тәжірибе жүзінде пайдалану үшін тапсырмалар қою тәжірибесін жетілдіруге мүмкіндік жасады. Сержанттар командирлердің берген нұсқауларын қабылдауды және өз бағынысындағыларға күрделі жағдайда тапсырма беруді үйренді.

Батальон басқармасы бөлімшеге тактикалық-арнайы дайындықтың барлық тақырыптары бойынша тапсырмаларды орындауы үшін тактикалық жағдай туғызды. Бұл тапсырмаларды орындау белгіленген нормативтер бойынша жүйелі түрде жүзеге асырылды.

Нормативтер бойынша тапсырмаларды орындау нәтижесінде понтонды құрастыру және жинаудан, қарудан атудан және техника жүргізуден ең үздік есептоптар белгілі болды.

«Дала жаттығулары инженерлік-саперлік әскерлерінің офицерлері мен сарбаздарына шеберліктерін шыңдауға, жекелеген есептоптардың өзара іс-қимылын қалыптастыруға септігін тигізеді. Дала жаттығулары кезінде қойылған тапсырмалар толық көлемде орындалды», -деді батальон командирі майор Самат Мұқанов.

Понтонды-көпір бөлімшелері әскерлер мен әскери техниканы өзендерден бөгеттерден өткізуді ұйымдастыруға арналған. Понтонды бөлімшелердің көмегімен су бөгеттерінен 20 тоннадан астам жүктерді өткізуге мүмкіндік бар.