Кәріз инфрақұрылымын жаңарту мақсатында 45 жоба іске асады

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет отырысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев кәріз-тазарту құрылыстарын жаңарту барысы жөнінде мәлімдеді.

Фото: Үкімет

Оның сөзінше, еліміздегі кәріз-тазарту құрылыстарының басым бөлігі жарты ғасыр бұрын салынған. Олардың орташа тозу деңгейі 65%-дан асады. Бұл экология мен санитариялық қауіпсіздікке қауіп төндіреді.

– Ұлттық жоба шеңберінде жалпы құны 800 миллиард теңгеден асатын 45 кәріз-тазарту құрылысын іске асыру көзделген. Оның ішінде 7 жоба халықаралық қаржы ұйымдарының қатысуымен, ал 38 жоба түрлі қаржыландыру көздерінен жүзеге асырылады. Соңғы екі жылда 5 жоба аяқталды. Қазір жұмыстар 3 қалада жүргізіліп жатыр. Оларды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Барлық жобалардың іске асырылуы министрліктің тұрақты бақылауында, – деді Ерсайын Нағаспаев.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде 1,9 мың шақырым су құбыры жаңартылатынын жазғанбыз.