Португалия алты жылдан кейін Ұлттар лигасында қайтадан жеңімпаз атанды
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан UEFA Ұлттар лигасы финалында Португалия мен Испания құрамалары шеберлік байқасты.
Кездесу барысында екі құрама тартысты ойын өрбітті. Алдымен испаниялық Мартин Субименди 21-минутта есеп ашса, португалиялық Нуну Мендеш 26-минутта бір голмен жауап қайырды.
Ал Микель Оярсабаль 45-минутта қайтадан Испанияны алға шығарса, португалиялық Криштиану Роналду 61-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Осылайша негізгі кезең 2:2 есебімен тең аяқталды. Овертаймда жеңімпаз анықталмады. Пенальти тебуде Португалияның жолы болды. Нәтижесінде Ұлттар лигасында жеңімпаз атанды.
Плей-офф сатысында Испания құрамасы Францияны 5:4 есебімен жеңсе, Португалия құрамасы Германиядан 2:1 есебімен басым түсті.
Құрамалар бұған дейін 41 мәрте кездесті. Оның 6-ы Португалияның басымдығымен аяқталса, 17-і тең түсіп, қалғанында Испанияның мерейі үстем болды.
Соңғы рет Португалия құрамасы аталған қарсыласынан 2010 жылы жолдастық кездесуде 4:0 есебімен басым түскен еді. Содан бері бірде-бір мәрте жеңіске жете алмай келеді.
Ұлттар лигасы 2018 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін Португалия (2019), Франция (2021), Испания (2023) құрамалары чемпион атанды.