Португалия премьер-министрі жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен отставкаға кетті
Португалия премьер-министрі Антониу Кошта жемқорлыққа жол берді деген күдікпен резиденциясына тінту жүргізгеннен кейін отставкаға кетті. Kazinform бұл туралы Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Кошта сейсенбі күні әкімшілігіндегі литий мен сутек өндіру жобаларымен айналысатын аппарат басшысын жемқорлық күдігімен тергеп, қамауға алғаннан кейін бірнеше сағаттан соң отставкаға кетті. Прокурорлардың сөзінше, тергеу нысаны болған Коста президент Марсело Ребелу де Соузамен кездескеннен кейін телевизия арқылы мәлімдеме жасап, орнын босататынын хабарлады.
Ол ары таза екенін, бірақ премьер-министр қызметіне алтыншы рет сайлауға түспейтінін, мұндай лауазым мен күдік бір-біріне сай емес екенін мәлімдеді.
Енді ел президенті парламенттегі көп орынға ие Коста партиясына жаңа үкімет құруға мүмкіндік бере ме, әлде парламентті таратып, сайлау өткізе ме - шешім қабылдауы керек.
Социалистік партия басшысы Карлос Сезар партиясы кез келген жағдайға сақадай сай екенін айтса, негізгі оппозициялық социал-демократтар көшбасшысы Луис Монтенегро мерзімінен бұрын өтуі мүмкін сайлауға дайын екенін атап өтті.
Биыл ел парламенті 2024 жылға арналған бюджет туралы заң жобасына дауыс беруі тиіс еді. Саяси дағдарыс бюджеттің бекітілуіне және Португалияның ТАР ұлттық әуе компаниясын жекешелендіруді бастауға әсер етуі мүмкін деген қауіп бар.