АСТАНА. ҚазАқпарат – Португалияның Алмада қаласында дзюдодан өтіп жатқан Гран-при турнирінде қазақстандық Жансай Смағұлов күміс медаль алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық балуан 73 келі салмақта сынға түсті. Финалда ол өзбек дзюдошысы Обидхон Номоновқа есе жіберіп қойды.
Жансай Смағұлов 1992 жылы дүниеге келген. Бұған дейін 2017 жылы Азия чемпионатында қола жүлдегер атанды.
Ал 2018 жылы Тунисте өткен Гран-при турнирінде жеңімпаз тұғырына көтерілді.
Айта кетсек, бұдан бұрын ел құрамасынан Әбиба Әбужақынова мен Ғалия Тынбаева 48 келі салмақта финалда кездесті. Әбиба алтын алса, Ғалия күміс медаль иегері атанды.
Еске салсақ, бұдан бұрын Португалияда өтетін Гран-при турниріне қатысатын Қазақстан дзюдо құрамасы анықталғанын хабарлаған едік.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.