Португалиялық футболшы «Бенфика» мен «Спортинг» қызыққан қақпашының артықшылықтарын атады

АСТАНА. KAZINFORM – Елордалық «Жеңіс» футбол клубының бұрынғы ойыншысы, португалиялық легионер Жуан Оливейра Қазақстан құрамасының қақпашысы Темірлан Анарбековке Лиссабон клубтарының қызығушылық танытуы туралы пікір білдірді. Ол Португалия чемпионатында Темірланның өзін көрсету мүмкіндігін бағалады.

Фото: Sports.kz

Asnews.kz спорттық порталына сұхбат берген Жуан Оливейра 20 жасында сенімді ойынымен, үздік сейфтерімен көзге түскен қақпашының аз уақыттың ішінде негізгі құрам ойыншысына айналғанын ерекше атап өтті. Ол Анарбековтің әлі де өзін жақсы қырынан көрсететініне, қазірдің өзінде алматылық командамен чемпион атанып, Чемпиондар лигасында мамандардың жоғары бағасын алғанын айтты. 

Сонымен қатар португалиялық футболшы «Бенфика» мен «Спортинг» клубтарының деңгейіне жету оған оңайға түспейтінін, алайда Темірланның Португалия чемпионатына тез бейімделіп, бапкерлік құрамның талаптарына толық сай келе алатын ойыншы екенін жеткізді. 

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Спортинг» пен «Бенфика» Темірлан Анарбековке қызығушылық танытып отырғаны хабарланған болатын.

Айта кетейік, Жуан Оливейра Қазақстан Премьер-лигасының 2024 жылғы маусымда «Жеңіс» командасында 13 ойынға қатысты. Ол Қазақстанға келгенге дейін Португалия мен Польша чемпионаттарында доп тепкен.