Таратылған деректерге қарағанда, 30 адамның денесі күре жол бағытындағы өртке оранған көліктерден, тағы 17 адамның денесі тастап кеткен көліктердің маңынан табылды. Соған қарағанда олар өртенген орман арқылы жаяу жүріп өтуге бел байлаған. Тағы 11 адам Коимбра қаласына жақын жердегі Педроган-Гранди ауылында қайтыс болды. Тағы бірнеше адамның денелері әр жерлерден табылды.
«Қаза тапқандар саны әлі де артуы мүмкін», - деп ескертті Португалияның Үкімет басшысы Антониу Кошта азаматтық қорғаныс қызметінің штаб-пәтерінде сөйлеген сөзінде.
Орман өртінен 60-тан астам адам түрлі деңгейдегі күйік алған, олардың арасында құтқарушылар орман арасынан адасып жүрген жерінен тауып алған 8 жасар қыз, өрт сөндіру қызметкерлері бар.
Алапат тілсіз жауды ауыздықтауға жүздеген өрт сөндіру машиналары мен мыңдаған өрт сөндіруші жұмылдырылғанмен, жағдайды бақылау әзірге мүмкін болмай тұр.
Елдің Премьер-Министрі бұл оқиғаны «ұлы трагедия» деп атады.