Заң жобасының басты мақсаты - пошта операторларының қызметін заманауи талаптар мен халықаралық стандарттарға сай құқықтық қамтамасыз ету. Сонымен қатар, қолданыстағы нормалардың тетіктері жетілдіріліп, пошта қызметінің сапасын көтеру және тиімділігін арттыру көзделіп отыр.
Инвестициялар және даму вице-министрі Сәкен Сәрсеновтың айтуынша, қолданыстағы «Пошта туралы» заң 2003 жлы қабылданған болатын. «Содан бері 13 жыл өтті, осы уақыт аралығында пошта байланысы саласында қызметтер көрсету технологияларында айтарлықтай өзгерістер орын алды. Сондықтан да, заң жобасындағы нормалар пошта саласындағы көрсетілетін қызметтердің сапасын да тиімділігін де арттыруды қарастырады», - деді вице-министр Сәкен Сәрсенов.
Тұтастай алғанда, заң жобасы аясында салалық операторға пошта қызметтерімен қоса қаржылық қызметтер, соның ішінде банктік операциялар, көліктік және агенттік қызметтері секілді салаларды қамту қарастырылады. Бұдан бөлек, коммерциялық жобаларды жүзеге асыру бойынша Ұлттық оператордың құзыреті кеңейтіледі. Бұл ретте коммерциялық қызметтен түскен қаражаттар пошта қызметінің ауылдық елді мекендеріндегі бөлімшелерді жаңғыртуға, ауылдағы пошташылардың жалақысын арттыруға жұмсалатын болады.
Бұдан бөлек, жаңа пошталық индекстерді енгізу көзделеді. Ол бойынша жаңа индекстер пошта операторларына қарасты өндірістік емес нысандардан басқа, барлық тұрғын және тұрғын емес ғимараттарға берілетін болады. Заң жобасы алдағы уақытта өтетін палатаның жалпы отырысына шығарылады.
15:22, 11 Наурыз 2016
Пошта қызметі заманауи талаптарға сай қызмет көрсететін болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінде «Пошта туралы» заң жобасы талқыланды.